• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Бұл сайттың ерекшелігі – Сіздермен тікелей байланыстың орнағанында. Ешбір мәліметтер анықталмаған майдангерлер туралы растайтын құжаттары табылған жағдайда сайтта толықтырулар, яғни түзету енгізу қарастырылған. Сіз майдангерлер тізімімен танысуда ата-бабаларыңыздың аты-жөнін жазуда жіберілген кемшіліктерді аңғарсаңыз осы сайттың әкімшілері- Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің» қызметкерлеріне растайтын құжаттарыңызды ұсына отырып, өтініш –тілектеріңізді жазып қалдыруға болады. Ондай ұсыныстарды arhiv1939@mail.ru электронды поштасына жіберуге немесе 8 (7262) 45 32 50 телефоны арқылы ақпарат алуға болады.

2018 жылы Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында Тараз қаласындағы “Жеңіс” саябағы жаңғыртылды. Онда Ұлы Отан соғысы жылдарында майданда болған Жамбылдық азаматтардың есімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылып, «Ерлік» мемориалдық кешені ашылды. Ерлікке тағзым қанымызға сіңген қасиет, ұлағатты іс. Ал «Ерлік» ақпараттық-анықтамалық сайты сол игі істің жалғасы сияқты.

Мемориалдық кешенде облыс жұртшылығы соғысқа қатысқан әке, аталарының есімін ғана көрсе, бұл сайтта олардың туған жылы, туған жері, майданға шақырылған әскери бөлім атауы туралы қосымша ақпарат ала алады.

Сондай-ақ, облыстан тыс жерде тұратын жерлестеріміз үшін де мемориалдық кешенге келе алмағанымен, олар үшін ресми сайт арқылы өз туысы туралы ақпаратты көру үлкен қуаныш болары анық.

Кезінде майданға алынғандардың ата-тегін жазуда қателіктер жіберілген. Соның салдарынан майдангердің бүкіл құжаттары қазақ тілінің ерекшеліктерін сақтамай жазу белең алған.

Майдангерлердің тізімін жасақтауда облыс архивистері олардың ұрпақтарын қызықтыратын деректерді саралай келе, сайтқа берілетін тізімді толықтыруға кірісті. Осы орайда, мынаны естеріңізге саламыз – тізім Тараз қалалық және аудандық қорғаныс бөлімдерінің ұсынған құжаттары негізінде жасалынған. Біраз деректерді толықтыруға бұрындары жинақталып, кітап болып басылған “Боздақтар”, “Зерде” анықтамалықтары мен “Память народа” ресми сайты мүмкіндік берді.