• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

Абылай Әлімбетов

1921 жылы 3-наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара қаласында дүниеге келген. Балалар үйінде тәрбиеленген ол орта мектепті бітірген соң өзі сол мектепте тәрбиеші болып жұмыс істеді. 1942 жылдың қаңтарынан бастап майданда шайқасты. 65-армияның 69-дивизиясының 303-атқыштар полкінде Брянск пен Украинада жаумен арпалысты. Днепр өзенінен өтуде ол ерекше ерлік көрсетті. Қоян-қолтық ұрыста жаудың 15 әскерінің көзін жойды. Осы шайқаста қаза тапқан командирінің орнына жауынгерлерді  жаудан тартып алған плацдармды негізгі күш жеткенше ұстап тұруға бастай білді.

1943 жылдың 30-қазанында СССР Жоғарғы Советі Призидиумының Жарлығымен оған Совет Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін Ленинград әскери-саяси училищесін, Мәскеу әскери академиясын бітіргеннен соң полк командирінің орынбасары қызметтерін атқарды. 1966 жылдан Қызылорда, Алматы, Атырау, Жамбыл облыстарында ДОСААФ (армия авиация және флотқа көмек көрсетудің ерікті қоғамы) пен Байзақ аудандық әскери комиссариатында жұмыс істеді. Жас ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеуде ол өзінің білімділігі мен іскерлігін танытты. Сондықтан да байзақтықтар оның есімін әрқашанда құрметпен атайды. 1973 жылдың 23-қыркүйегінде туған жерінде қайтыс болды. Шардара ауданында оның ескерткіші орнатылған.