• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

Валерий Яковлевич Синильников

1924 жылы 22-наурызда Орынбор облысында туған. 1932 жылы отбасымен бірге Ақтөбеге көшіп келеді. 8 жылдық мектепті бітіргеннен соң есепшілер курсын аяқтайды.

1942 жылы майданға шақырылған ол 58-армияның құрамындағы 529-атқыштар полкінде пулеметшілер командирі болады. 1943 жылы алғашқылардың бірі болып Киев облысының маңынан Днепрдің оң жағалауына өтіп, арыстанша арпалысып, кішкентай ғана жердің аумағын кеңейту үшін жан беріп, жан алған шайқаста Валерий Яковлевич өзінің ерлігімен көзге түседі. Оның пулеметшілері жаудың екі атыс нүктесін жойып жіберіп, екі қол пулеметін олжалайды. Тап сол кезде, сол жерде қарудың қуаттылығы шешуші рөл атқарды. Бірнеше пулеметпен алға ұмтылған фашистерді қоғадай қырды.

1943 жылдың 24-қазанында СССР Жоғарғы Советі Призидиумының Жарлығымен пулеметші сержант  Валерий  Яковлевия Синельниковке Совет Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін де армия қатарында болды. Тек 1971 жылы запасқа шықты. Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 1110-қорының 1-тізімдемесі 2-бумасының 16-ісінде Совет Одағының Батыры Валерий Яковлевич Синельников туралы құжат бар. Құжатты парақтап, батырдың Жамбыл облысына қандай қатысы бар екенін білуге ұмтылғанымызда оның ата-анасына, бауырларына жазған бірнеше хаттарын көрдік. Кәдімгі майданнан жолданған үшбұрышты хаттардан ата-анасына, өскен жері Ақтөбеге деген сағынышы анық байқалады. Анасы Ольга Михайловнаның баласы туралы естелігінде де жүректі жылытар сөздер бар. Соғыс кезінде батырдың отбасы Жамбыл жерін мекен етеді.