• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

БАТЫР ТАШАН РАМАЗАНОВ ПЕН ОНЫҢ ОТБАСЫ

Өмір иірімдері сан алуан. Тағдырдың қай кезеңде бізді қайда лақтырып, өміріміздің қалай өзгерерін біз білмейміз. Бірақ уақыт өте келе оны саралап, қорытынды жасайтын кездеріміз болады. Әсіресе архив саласында жүріп өмірден өткен адам тағдырлары туралы деректерді оқысаң, қай кезде де бір ақиқатқа көзің нақ жетеді. Ол – «тегін жерден түк шықпайтыны» немесе «тектіден текті туатыны».
Сондай деректердің біріне тағы да кез болдым. «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қоғам қайраткері Б.Әбдіғалиұлының Совет Одағының батыры атағына ұсынылған, бірақ түрлі себептермен осы марапатқа ие болмаған екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 133 қазақстандық майдангердің тізімі мәдениет басқармасы тарапынан архивке келіп түсті. Ондағы тапсырмалардың бірінде аталған майдангерлердің соғыстан кейінгі тағдырын, ұрпақтарын анықтау сұратылыпты. Әрине бұған дейін біздер 2018 жылы жамбылдық майдангерлердің тізімін жасауда бұл батырлардың есімін тізімге енгізіп, олар туралы анықталған деректерді өзіміз ашқан «ерлік.кз» сайтына енгізген болатынбыз. Ендігі тапсырма өзгеше.
Совет Одағы Батырының атағына ұсынылған 8 майдангердің деректерін архивтен іздестіре отырып, Ташан Рамазановтың соғысқа дейінгі жеке ісінің архивте сақталғанын анықтадым. Онда 1941 жылға дейінгі өмір деректері мен суреті сақталыпты. Ал Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери архивтің «Память народа» ресми сайтынан Ташан Рамазановтың 1944 жылдың 22-желтоқсанында Чехословакия, Словакия жеріндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқаны көрсетіліпті. Римавска-Собота төңірегіндегі Ширковце селосында жерленген туралы құжатында іздеушісі ретінде әйелі Рамазанова Нәйлә көрсетілген. Ең қызығы – оның да жеке ісі архивтен табылды.
Ташан Рамазанов 1910 жылы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1917 жылы әкесінен, 1919 жылы шешесіне айырылып, жетімдіктің азабын шеккен. 1924 жылға дейін Теректі ауданындағы Қыдырбаев деген байдың жалшысы болды. 1924-1928 жылдары өзі туған ауданда орналасқан балалар үйінде тәрбиеленді. 1928-1932 жылдары Омск қаласындағы университеттің жұмысшы факультетінің студенті болды. Оқуын тәмамдаған Ташан Петропавл қаласындағы Қарағанды облыстық атқару комитетінің кадр бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Бұл қызметте 4 ай отырып, 1934 жылға дейін Жаңаарқа, Қызылту аудандық комсомол ұйымдарының хатшысы болды. 1934-1937 жылдары Алматы қаласындағы қазақ кавалериялық полкта әскер қатарында отан алдындағы борышын өтеді. Онда кіші курсант дәрежесінен взвод командирі дәрежесіне дейін көтерілген.
1937 жылдың қазан айында әскер қатарындағы борышын өтеп болып, Жамбыл қаласындағы №49 жылқы зауытына директор қызметіне келді. Бұл қызметті 1941 жылы майданға шақырылғанға дейін атқарған.
Әйелі Нәйләмен ол 1938 жылы қосылған. Екеуінің ортақ екі баласы болған. Ұлы Ерке 1940 жылы, қызы Алия әкесі майданға кеткеннен кейін 1942 жылы дүниеге келген екен.
Нәйләнің тұрмыс құрғанға дейінгі тегі Абдразақова болған. Ол 1910 жылы Семей облысы, Новопокровка ауданының Жаңаауыл колхозында дүниеге келген. Нәйлә 1926 жылы орта мектепті тәмамдаған соң екі жылдық есепші курсында оқыды. 1928 жылы еңбек жолын өзі туған өлкеде Жаңасемей қаласында есепші қызметінен бастаған. 1930-1931 жылдары Семей қаласындағы университетте білімін жалғастырды. 1931 жылы отбасымен бірге Жамбыл жеріне қоныстанып, Жамбыл станциясындағы ДН-6 мекемесінің кадр жөніндегі инспекторы қызметін атқарды. 1932-1935 жылдары Аягөз станциясында, 1936-1938 жылдары Алматы станциясында кадр бөлімінің инспекторы, аудандық советтің жауапты хатшысы қызметтерінде болды. Осы кезеңде ол алғашқы күйеуі Қасым Азнабаевпен отбасын құрды. Ол паровоз депосының машинисі еді. 1930 жылы олардың тұңғышы – Виссарион өмірге келді. Ал 1936 жылы Едіге есімді екінші ұлдары Меркі жерінде дүние есігін ашты. Ол кейін күллі қазақ еліне есімі белгілі геолог ғалым, Қазақстанның мұнай картасын жасаған Эдуард Қасымұлы Азнабаев болды.
Өкінішке орай 1937 жылы Қасым Азнабаев сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, Нәйләмен және ұлдарымен тағдырлары екі айырылды.
1938 жылы Нәйлә екі ұлымен Жамбыл жеріне қайта келіп, №49 жылқы зауытына хатшы-машинист болып орналасты. Бұдан кейінгі тағдыры Ташан Рамазановпен бірге 1942 жылға дейін жалғасты. Жан жолдасын майданға аттандырып, өзі де тылда ерен еңбектің үлгісін көрсете білді. Сол үшін де «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
1949 жылға дейін Жамбыл қаласында партия қатарында түрлі қызметтерді атқарған Нәйлә Рамазанова 1 жыл Қордай ауданында аудандық партия комитетінің хатшысы болды. 1950-1952 жылдары Меркі ауданда жинақ кассасының меңгерушісі, 1952-1957 жылдары Меркі ауданындағы «Большевик» колхозының төрағасы, 1957-1963 жылдары Меркі аудандық еңбекші депутаттар советі төрағасының орынбасары, ал 1963 жылдан бастап Меркі аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Соңғы 1964 жылғы жазбадағы қызметі де осы.
Нәйлә өзі дүниеге әкелген ұл-қыздарының отанына адал перзент болуына барын аямағаны анық. Соның бір мысалы – ұлы Эдуард Азнабаев. Ол 1995 жылға дейін өмір сүрді. Геология ғылымдары институтының лаборатория меңгерушiсi қызметінде болған Эдуард 1993 жылы құрылған Әлемдiк Энергетикалық Кеңестiң Қазақстан ұлттық комитетiнiң мүшесі болып сайланды.
автор – Назым Кожамарова