• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

ОРНЫНДА БАР ОҢАЛАР …

«Ассалаумағалейкум, Ғани! Қалың қалай? 8 батыр?..
Е-е-е … Оны біздің архивтің қыздары ғой іздеп жатқан» деп бүгін Мақұлбек ағай телефон тұтқасын маған сілтеді. Тұтқаның арғы жағында – «Қазақстан» Ұлтық арнасының Түркістан облысындағы тілшісі Ғани Қалмаханов. Ол біз есімін жариялаған 8 батырдың ішіндегі Үмбетқұл Жиенбаев деген майдангердің ұрпағының өтінішімен хабарласып тұр екен.
Тағы да көктегі құдіреттің көмегімен «іздегенім іздемей-ақ» табылды. Бүгін ғана есіме алып, «адам ұпағымен ғана көрікті, іздеушің болмаса, өмірің зая екен ғой» сынды ойларға батып отыр едім. Ойыма алғанның бірі осы Үмбетқұл Жиенбаев.
Бұған дейін Үмбетқұл Жиенбаев туралы Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Ақжар ауылында 1923 жылы дүниеге келіп, 1942 жылы майдан даласына аттанғанын архив құжаттарынан анықтағанмын. Сондай-ақ ол құжатта оның майдан жолы да, майданнан кейінгі 1983 жылы зейнетке шыққанға дейінгі еңбек жолы да тұтас беріліпті.
Майданда инженер-сапер мамандығын игерген Үмбетқұл ақсақал үйіне тек 1947 жылы ғана оралды. Бейбіт күнде еңбек жолын ұстаздық қызметке арнады. Өзі туған ауылдағы Жамбыл, Сәкен Сейфуллин атындағы мектептерде әр жылдары биология пәнінің мұғалімі, директордың орынбасары қызметтерін адал атқарып, 1983 жылдың тамыз айында зейнетке шыққан. Осымен мендегі ақпарат біткен.
Ғани ағай бірден майдангердің қызы Гүлзахира апамен телефон арқылы байланыстырды. Ол кісі бүгінде Шымкент қаласында тұрады екен. Біздің әкесін іздеп, ол турасындағы ақпаратты шығарып жатқанымызға толқып, тіпті көзіне жас та алды. Шамасы бүгінде осыдан он жыл бұрын дүниеден өткен майдангерге іздеу салып, олар туралы дерек жазады деген ой қапелінде болмаса керек. Барын ақтарып, сақтағанын жайып салды. Апамыз әкесінің де, әкесі дүниеден өткенше майданнан хабары болар деп күткен ағасының да суретін, майдан хаттарын, газет қиындыларын ұқыптап сақтапты.
Әкесі қайта тіріліп келгендей, қуанышы қойнына сыймайды. Білгенін айта отырып, тілегін де білдірді. Көзі тірісінде өкіметтен ештеңе сұрамай, алмай өткен Үмбетқұл Жиенбаевтың есімін ең болмаса өзі қызмет еткен мектептің бір сыныбына берсе екен дейді. Зағираш апаның айтуынша әкесінің есімі не көшеге, не өзге ғимаратқа ешқашан берілмепті.
Сондай-ақ, әкесінің тілегін орындап, ағасы Исақұл Жиенбаевтың жерленген жерін табу ниетінің барын да айтты.

Зағираш апа әкесі туралы естеліктерін айта отырып, іздеу салып жатқан архив қызметкерлеріне ақ тілегін де жаудырды.
©Назым Қожамарова