• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

АЛҒАШҚЫ АЙҚАС

1942 жылдың қысы өте-мөте суық болды. Ақтөбе төңірегі ақ қарға қалың жамылып жатты. Мұндай суық бұрын-соңды болып көрмеген еді, деп жүрді сол кезде жергілікті тұрғыңдар. Ашық даланың ақ қар, көк мұзында біздің бөлімшемізде тыным болған жоқ. Күні-түні демей әскери жаттығудың алуан түріне машықтанумен болдық. «Бүйтіп азапқа түскенше майданның өзіне аттанғанның өзі жақсы ғой», деушілер арамызда аз болмады.

Жас жауынгерлердің ұстаздары да маза тауып көрген емес. Әсіресе рота командирі Мұқатай Жұрмұхамедов бәрінен де жіті, мазасыз секілді. Таң сәріде, түн ортасында – қай уақыт болмасын, арамызда жүреді. Қарлы жолдың алдын бастап жүретін де сол.

Бір күні қаладан алыстау жерде жаттығып жүр едік, әлде қандай хабар арамызға тез тарап кетті. Бүгін Совет Одағының Маршалы Климент Ефремович Ворошилов келеді екен, деген хабар әркімнің ауызына ілікті. Ең далада жүрген әрбір солдат пен офицер осы сөзді естігенде бір дүрлігіп қалды. Оның үстіне Климент Ефремовичтің айбынды тұлғасын көрудің өзі әрқайсымызға үлкен бір дүние секілді еді.

Белуардан қар кешіп, Ақтөбеге, өзіміздің бөлімшеміз тұрған маңайға келдік. Осында әрбір командир өзіне қарасты солдаттарды қайта-қайта қарап, олардың сымдай тартылған денесінен әлдеқандай мін табылып қалар ма екен дегендей абыржып та жүр. Қайта-қайта сапқа тұрғызып, әркімнің бет-жүзіне, киім-кешегіне барынша зер салып қарайды.

Рота командирі бізді сапқа тұрғызды. Сол кезде оған бригада командирі подполковник Яковленко нық басып келіп те қалған еді. Осы кезде командиріміз «смирно!» деп барынша дауыстап команда берді де өзіне келе жатқан подполковникке қарай нық адыммен баса жөнелді.

-Жолдас подполковник, рота жауынгерлері байқауға дайын! – деді Жұрмұхамедов.

Команданы қабылдаған подполковник жауынгерлердің алдынан аса әдемі жүрісімен өтті. Бәріне дауыстап сәлем берді. Жауап сәлем артынша-ақ ду ете қалды.

Кешкі сағат бес. Кең алаңға сапқа тұрған жауынгерлер баяғы қалпында, міз қағатын емес. Тек мыңдаған көз маршал келеді-ау деген жаққа қиғаштап қана қарайды. Бір уақытта бригада командирінің «смирно!» деген қаһарлы дауысы тағы естілді. Мыңнан аса солдат тартылған сымдай болып иін тіресіп тұрды да қалды. Міне көз алдымызда подполковник Яковленко солға қарай алшақ адыммен басып барады. Бәріміздің көзіміз оған бетпе-бет келе жатқан алып денелі, папахалы адамға түсті.

Дәл осы кезде жым-жырт тұрған жауынгерлердің арасынан біреудің «Климент Ефремовичтің өзі» деген дауысы да естіліп қалды. Бір уақытта командиріміздің сыңқылдаған дауысын естідік.

– Жолдас Совет Одағының Маршалы, 101-ші дербес атқыштар бригадасының жауынгерлері байқау сапына тұрды. Бригада командирі подполковник Яковленко.

– Сәлеметсіздер ме, жауынгер жолдастар! – деді маршал өзіне тән жуан да күшті дауыспен. Сол кезде «Сізге денсаулық тілейміз, маршал!» деп бәріміз бір дауыспен үн қаттық.

Бұдан соң Климент Ефремович алдымыздан өтіп, әркімнің бет-жүзіне, бас-аяғына, киім-кешегіне мейлінше ынтамен назар аударды. Осыны байқаған командиріміз маршалға біздің ұзақ жолдан қатты қиналып келгенімізді тәптіштеп айтып бара жатыр. «Білемін, байқап келе жатырмын» деп келеді маршал.

Өз тұсыма келгенде Климент Ефремовичтің «Жаттығу неғұрлым қиын болса, соғыс соғұрлым оңайға түседі» дегенін құлағым шалып қалды. Әйгілі қолбасшы Александр Суворов  айтқан нақылға дөп келетін осы сөз әркімнің жүрегінен жылы орын тапқандай болды. Маршал алдымыздан өтіп шыққаннан кейін орта шенге барып қысқаша сөз сөйледі. Оның сөзі аяқтала бергенде бәріміз бір дауыспен «Совет Одағына қызмет етеміз!» деген дәстүрлі сөзді айтып, бір сілкініп алдық.

Маршал біздің бригаданың майданға аттануға әзір екенін жақсы аңғарып қалыпты. Көп кешікпей Ақтөбе даласында әскери өнерге машықтанып шыңдалған қалың қол батысқа, жалын атқан майдан даласына жолға шықты. Ұзыннан ұзаққа созылған эшелон дамыл таппай жүріп отырып, Калинин қаласының төңірегіндегі бір станцияға келіп тоқтады. Енді біз қарлы даланы басып жалын атқан жерлерге  бағыт ұстадық. Жол-жөнекей енділеу бір өзеннен  өтуге тура келді. Оған өзіміз көпір жасап өттік.

Міне бізге ақтық айқасқа түсу сәті де келді. Алыс жерден жаңа ғана келген бригада үшін майдан даласының ой-шұқыры әрине көп-ті. Міне сондықтан да біз алғашқы шабуылға шығар алдында рота командирі Мұқатай Жүрмұхамедов аға сержант  Боранбаев пен қатардағы екі солдат Сейітовті және Қаражігітовті барлауға жіберді. Қазақ даласында түгел өскен осы үш жігіт күллі бригада бойынша ең алдымен ерлік жасауға тиісті болды. Оларға шапқыншылар жайлап алған жерге барып қалай да бір немісті тірі алып қалу тапсырылды.

Аса жауапты бұл міндетті орындау екіталай нәрсе еді. Көбіміз сол үшеуі бірдей қайта оралмай қалады деп ойладық. Бірқатарымыз олардың ержүректігіне, тапқырлығына , ұстамдылығына қатты сендік. Бұл сенім бәрінен де күшті болып шықты.  Сержант Боранбаев бастаған үш жігіт біршама уақыттан кейін немістің бір унтер офицерін мөлтеңдетіп алып келді.

Қолға түскен фриц бізге өз бөлімшесінің, күллі құраманың қорғаныс шебін, қару-жарағын, қол күшін түгел баяндап берді. Оның бер жағында жер-су жағдайын да жақсы біліп алдық. Осының бәрі бригаданың ертеңгі шабуылына өте-мөте қажет еді. Оның пайдасы да тиді.

Келесі күні біздің бригадамыз жау шебіне атой салып кіріп, ақтық айқасқа түсті. Ержүрек жауынгерлер фашистік қанішерлерді бірден күл-талқан етіп алға жылжыды. Бірақ сол жолы өз қатарымыз да біршама сирексіп қалды. Алғашқы айқаста ержүрек барлаушыларымыз Боранбаев, Қаражігітов, Сейітов және басқалар ерлікпен қаза таптты. Бірақ жеңіс біздің жағамызда болғаны әрқайсымызға қуат қосты. Біздің жорық жолымыз жалғаса берді.

Жеңіс  қарсаңындағы бұл күндері ұмытылмас шақтаың әрбір оқиғасы көз алдымыздан қаздай тізіліп өте берді. Оқта-текте бұрыңғы майдандас жолдастырымызбен құшақ жайып көрісіп те қаламыз.

Жақында 101-ші атқыштар бригадасының бұрынғы бір топ жауынгерлері бас қостық, өткен күндерді еске түсірдік.

       ЕҢБЕК ТУЫ  №56 2-бет      20.03.1975 ж, Р. Сапабеков

Мына суретте сол кездесуден бір көрініс. Солдан оңға қарай: запастағы гвардия капитаны Р.Мұстафин, запастағы лейтенант А.Алпыспаев, запастағы капитан Б. Досыбаев, запастағы аға лейтенант Р. Сапабеков.