• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

ҚАҒАЗҒА ЖАЗЫЛҒАН СЫРЛАР

1941 жылдың аяқ шенінде Москва түбінде фашистік басқыншыларға қирата соққы бергені үшін №316 атқыштар дивизиясына 8-ші гвардияшыл атқыштар  дивизиясы атағы берілді және оған «Қызыл жұлдыз» ордені тапсырылды. Осы сияқты қуанышты хабар бүкіл еліміздегідей облысымызда да еңбекшілер арасында саяси және еңбектегі жаңа зор өрлеу туғызды. Жер-жерлерде митингілер өткізіліп, өндірістік көтереңкі міндеттемелер қабылданылды. 8-ші гвардияшыл атқыштар дивизиясына жіберілген коллективтік құттықтаулар, арнаулы сыйлықтар қаншама!

«Біз, Жамбыл қалалық электр станциясының жұмысшылары мен қызметшілері, – деп жазылған сондай құттықтаулардың бірінде, – кескілескен шайқастарда Москваны неміс-фашист басқыншылардан қорғап қалған даңқты 8-ші гвардияшыл дивизияның жауынгерлерін, командирлері мен саяси қолбасшыларын шын жүректен құттықтаймыз. Совет Одағының барлық халықтары сияқты біз де жеңіс біздікі болатынына, жаудың талқандалатынына кәміл сенетінімізді білдіреміз».

1943 жылы мартта Ленинград облыстық партия комитетінің Жамбыл облыстық партия комитетіне жолдаған бір телеграммасында былай деп жазылған: «Аса қиын жағдайда 20 ай бойы гитлерлік Германияға және оның армиясына қарсы күресіп жатқан ленинградтық партизандар мен партизан әйелдерге көрсетіп отырған туысқандық көмек-қамқорлықтарыңыз үшін сіздерге көп рахмет.

Ленинград қаласынан жіберілген біздің азды-көпті сыйлығымызды шын жүректен қабыл алыңыздар…»

ЕҢБЕК ТУЫ  №92   3-бет

                                9.05.1960 ж