• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

БІЗДІҢ ЕРЛІК ЖОЛЫМЫЗ

Батырлар бас қосқанда 

 1972 жылдың күзінде панфиловшы үш адам арнайы шақыру бойынша Орта Азия әскери округінің бөлімдеріне бардық. Шағын делегация құрамында Совет Одағының Батыры Григорий Шемякин, генерал Панфиловтың шофері Иван Чунихин және мен болдым.

Жауынгер достар бізді зор қошамет көрсетіп қарсы алды. Құшағымызды гүлге толтырды. Онда көптеген бөлімдерде болдық. Жас жауынгерлер, офицерлер және мектеп оқушыларымен кездесулер өткізілді.

Біз барған әскери гарнизонның офицерлері үйіне халық көп жиналды. Көбі армияға жаңа шақырылған жастар. Ішінде жай азаматтар да отыр. Осы жиында полк командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары Н.И. Иванов Москва түбіндегі шайқас және сегізінші гвардиялық дивизия жауынгерлерінің ерлік жолын қысқаша әңгімеледі. Баяндамашы жиырма сегіз панфиловшы батырлардың ішінен тірі қалған екеудің біреуі Григорий Шемякиннің президумда отырғанын хабарлағанда залда отырған жұрт орындарынан тұрып, оған ұзақ қол шапалақтап құрмет көрсетті.

Григорий Малентьевич түрегелді де екі қолының алақандарын айқастыра қысып, қарсы алған жұртқа басын изеп, ризашылығын білдірді. Жиналғандар тағы да қол соқты. Үлкен толқу үстінде тұрған батыр қалтасынан беторамалын шығарып іркілген көз жасын бір-екі рет сүртіп алды.

Сөз Шемякинге берілді.

Панфиловшы батырдың сөзі

  • Мен жақында  ғана  СССР  Мәдениет  министрлігінің  шақыруы  бойынша

Москваға барып қайттым, – деді Григорий Мелентьевич. – Дубосеква разъезінде 28 панфиловшы батырлардың ерліктеріне арналып гранит және мәрмәр тастан үлкен мемориалды комплексті ескерткіш салынып жатыр екен. Шындығын айтқанда, сол жылғы ұрыс даласында болған бар жайды толық қамтитын бұл комплексті ескерткіш панфиловшылардың кешегі Москва түбіндегі мәңгі өшпес ерлік істерін дәл бейнелейтін понарама іспеттес. Оның көлемі екі жүз гектар жерді алып жатыр. Мемориалды-комплеске кіре берістегі асфальт жолдың бойында мынадай жазу бар:

«Ей, адамзат баласы, асқақтамай аттан түс! Бас киіміңді алып, тізеңді бүк те тағзым ет! Бұл жердің торғын топырағы сенің өмірің үшін жанын қиған ерлердің  қасиетті қанымен боялған».

Халықта «құлақ шіркін, жалғанды да ести беруі ықтимал, ал көздің көргені – тек ақиқат» деген нақыл бар. Сол айтқандай, 28 батырдың гитлершіл танк колонналарымен бетпе-бет айқасқан ерлігін мен өз көзіммен көрген адаммын.

… 1941 жылдың күзінде астанамызға ғаламат қатер туды. Фашистер Москваға 40 километр жақындады. Халық басына ауыр күн туды. Осындай қысылшаң тар кезеңде қолына қару, тіпті күрек ұстай білетіндердің бәрі Москваны қорғауға шықты. «Не өлім, не өмір» деген сөз біздің взвод жауынгерлері жүрегінен де берік орын алды. Сөйтіп біз сынық сүйем жерге шегінбеуге, әр қайсымыз өз шебімізді өліспей беріспеуге бекем бел байладық.

Сол жылы қыс ерте түскен еді. Ноябрьдің бас кезінде Москва жерін түгелдей қалың қар басты. Артынан сақылдаған сары аяз тұрды. Осындай қиын кезеңде біздің дивизияның жауынгерлері Волоколамск тас жолы маңынан бекініс құрды. Бұл фашистердің басты соққыны астанаға таңдап алған негізгі бағыты болатын. Дұшпан күшті шабуылға дайындалады. Гитлер командашылары ұрыс даласына жаңа полктар мен дивизияларды, қару-жарақты, танктарды аямай үсті-үстіне төгіп жатты.

Дұшпанға қарсы кескілескен ұрыс он алтыншы ноябрьде басталды. Соғыс алдындағы сол бір таң өте суық болды. Туу деген түкірік жерге түспей көк мұзға айналды. Оның үстіне суық жел тұрып, берекені алды.

Біздің жауынгерлердің барлығы да жылы киіммен толық қамтамасыз етілген. Әрқайсымыздың мақталы шалбар, фуфайка, қысқа тон, пима, құлақшын, жылы қолғабымыз бар. Осыған қарамастан мынадай суықта постыда екі сағаттан артық тұрмаймыз. Ал неміс солдаттарының жағдайлары мүлде нашар. Үстерінде жаздық шинель, бастарында пилотка. Гитлер оларды Москваны суық түспей аламыз деп сендірген. «Өлерменнің көзі жаман» дегендей, жендеттер осы түрлерімен жанталаса соғысады. Ақырғы оғы қалғанша атысып, тұтқынға түспеуге тырысады. Барлығының дәмесі Москва.

Міне зеңбірек пен миномет атыстарынан соң жаудың бір рота жаяу автоматшылары шабуылға көтерілді. Фашистер күшті бомбылаудан кейін окопта бірде-бір совет жауынгері қалмады деп ойлады білем, барлығыда тік жүріп, аяқтарын нық басып, қатарларын жазбай келеді.

Біз қаруларымызды берік ұстап басқыншылардың жақын келуін күтіп отырмыз. Әрқайсымыз оқты мол жинап алдық. Гранат та жеткілікті. Осы кезде іргелес жатқан сержант Николай Белашов: «Фашистер Москваның сынық кірпішінен садаға кетсін, атыңдар!» деп айқайлап, қатты ысқырып жіберді. Взводтағылар оқты қарша боратты. Менің қасымдағы Иван Шепетковтың пулеметі ілезде сол жақ қанатты тасалап келе жатқан дұшпан тобын түгелдей жайратып салды. Қатардағы жауынгер Гаврил Митин де винтовкадан дәл тигізіп жатыр. Менде тарсылдатып атып жатырмын. Бес-алты құзғыңды сілейткен сияқтымын. Көзілдірікті бір офицерді қалпақтай ұшырғанымды анық білемін. Қазақ жігіті Әлікбай Қосаев пен қырғыз солдаты Дүйшенқұл Шопоқовтың оқтарынан талай гитлершілдер жер жастанды.

Жау автоматшыларының бірлі-жарым аман қалғандары кейін қаша жөнелді. Біздің атыс шебіміздің алдында дұшпанның жетпістен астам өлігі қалды. Бірақ шайқастың ең үлкені алда тұрғандығын барлығымыз жақсы білдік.

Көп ұзамай дұшпан жақтағы қалың ағаш арасынан біздің шепке қарай жауынгерлік саппен жиырма танкінің жылжып келе жатқандығы анық көрінді.

Взводтағылар бір-бірімізге қарадық та неде болса теуекелге бел байладық. «Не олар, не біз» деген шешімге келдік. Сол кезде сырт жақтан:

– Жарайсыңдар, жігіттер! Қауіптенетін түк жоқ. Әрқайсымызға бір танкіден де тимейді. Қане, жақсылап тұрып қарсы алайық оларды! – деген қаһарлы дауыс естілді. Жалт қарасақ, өзіміздің төртінші ротаның политругі Василий Клочков екен. Оның сөзі рухымызды көтеріп, бойға қуат бергендей болды. Жеңіске жететіндігімізге бірден көңіл сенді.

Осы кезде қаптап келе жатқан жау танкілері жақындады да, қырғын ұрыс басталып кетті. Біздің жауынгерлер батыл қимылдады. Қолда бар қаруларды шебер пайдаланып, табан тіреп қарсы тұрды.

Міне, болат құрсанған жылан бауыр екі аждаһа алыстау жердегі Григорий Конкиннің окобына қарай жылжып барады. Ал ол саспастан оның жақын келуін тосып тұр. Алдына гранаттарды дайындап қойған. Жау танкісіне небәрі жиырма метрдей жер қалғанда Григорий жандырғыш сұйық зат құйылған шөлмектің(бутылканың) біреуін құлаштап лақтырып жіберді. Ол танктің бензин бөшкесіне дәл түсті де лезде лап ете қалды. Екінші танкті қызыләскер Мұсабек Сеңгірбаев өртеді. Жан сауғалаған фашистер жоғарғы люкті ашты да біртіндеп жерге секіре бастады. Бірақ олар біздің дәлдеп атқан оғымызға душар болып, сол жерде жер құшты. Петр Емцов, Николай Белашов бронды тескіш оқпен екі-екіден төрт танкті жайратты. Бұлардан Иван Шадрин де қалысқан жоқ. Дұшпан танкісін жоюда Иван Натаров та өз есебін арттыра түсті. Пулеметші Иван Шепетков танк соңында жаяу келе жатқан гитлершілерді аямай қырып жатыр.

Алғашқы ұрыс төрт сағатқа созылды. Ұрыс алаңында 18 танк жалын құшып, өртеніп жатты. Зұлым жау көптеген өліктерін қар үстіне қалдырып, амалсыздан кейін шегінді. Бірақ біздің қатарымыз да сиреп қалған-ды. Туған жердің тынысын тыңдағандай ақша қардың үстінде қызыл қанға боялып Никита Митченко, Николай Белашов, Абрам Крючков, Петр Емцев, Дүйшенқұл Шопоқов жатты.

Арада көп уақыт өтпей-ақ жау танкілері жаңа күшпен қайта шабуылға шықты. Біз де тойтарысқа дайындала бастадық. Көбіміз үстіміздегі тонды лақтырып тастап жеңілденіп алдық. Неде болса ақырына дейін айқаспақшы болдық.

Манадан бері дұшпан шебінен көз алмай тұрған политрук Клочков:

– Тағы да отыз танк келе жатыр, ішінде бірнеше ауыр танк бар, – деді. Одан соң бәрімізге қарап:

– Бәлкім, бүгін біріміз де тірі қалмаспыз. Бірақ өлсек те жаумен соғысып өлейік, бауырлар! Россия кеңбайтақ, бірақ енді шегінетін жер жоқ. Артымызда Москва. О, Отан ана, тарыққанда ұлдарыңа қуат бер! – деді.

Осы кезде жылан бауыры аждаһаның аузындай жалаңдап танктер таяп келді. 40 метр, тіпті 30, міне 15-метрдей қалды. Сол шақта граната түйдектерін, жандырғыш бутылкаларды ала, окоптардан атып шыққан батырлар дауасыз ажалмен арыстанша алысты. Қара түтін, қызыл жалынға оралған танк әр жерде мерт болған арыстандай айқасып жанып жатты.

Бар оғын тауысып, соңғы гранаты қалғанша шайқасып Нұрсүтбай Есболатов, Иван Москаленко, Яков Бондаренко ерлікпен мерт кетті. Қазақтың қайсар ұлы Асқар Қожабергенов үстіндегі киімі тұтас алау боп жанғанына қарамастан жау танкісінің тағы бірін жастығына ала жатқалы алға ұмтылып бара жатты.

Бір танк Владимир Бездорожныйды  табанымен таптап кетті. Иванг Шадрин ақырғы гранатын лақтырып құлады. Ал жау танкісінің шынжыр табаны астында жаншылған Москаленко жалаңаш қолымен темірді тырмалап өлді. Енді бір танк окопты баса көктеп келіп қалды. Оған қарсы Клочков көтерілді. Бездорожныйды жаншып кеткен ажал жалмауызы осы еді. Политрук жауынгер досының өлімі үшін кек қайтарғысы келді. Алып денелі жалмауыз аждаһа өте таяу келген кезде Василий орнынан атып тұрды да бар күшімен қолындағы гранат түйдектерін лақтырды. Бірақ ол қатты жарылысты естімеді, танктің қою қара түтінге оранып жанғанын көрмеді. Батыр политрук ерлікпен қаза тапты.

Осы айқаста мен де бір танкті өртедім. Үсті-үстіне гранат лақтырып оншақты фашисті жайраттым. Дұшпанның екінші танкін жоймақшы болып орнымнан көтеріле бергенде снаряд жарылысынан ауыр жараланып, бірнеше сағат бойы ес-түссіз жаттым. Кімнің окопқа сүйреп түсіргендігі бүгінге дейін беймәлім. Әйтеуір тірі қалдым, – деп Шемякин ұзақ әңгімесін аяқтады. Жұрт тағы да қол шапалақтап, гүл шоқтарын ұсынды.