• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

МАЙДАНДА ДА, ЕҢБЕКТЕ ДЕ.

Күн санап тарихи мереке – халқымыздың Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің 30 жылдығы жақындап келеді. Осыған орай сонау бір қаһарлы  жылдарға көз жүгіртсек , еліміздің  ересен ерлігін көреміз. Ел басына  күн туғанда етігімен су кешкен ерлер есімін еске алып, оларды шексіз құрмет тұтамыз.

Біздің «Казюжгипровдхоз» институтында Ұлы Отан соғысының 16 ардагері жемісті еңбек етуде. Олардың бәрі де өздерінің ғибратты іс-тірлігімен жас ұрпаққа үлгі болуда, өмірде көрген-түйгендерін айтып, ұстаздық көрсетуде. Мен мереке қарсаңындағы осы бір күндерде солардың төртеуі ғана жайлы әңгімелеп, газет оқушыларымен таныстырам деп отырмын.

Николай Алексееевич Шишкин 194-ші атқыштар дивиязиясында барлаушы қызметін атқарған. Ұлы Отан соғысындағы аса ірі шайқастардың бірі – Курск иініндегі ұрысқа қатысқан. Россияның көптеген облыстарын, Белоуссияны, Польшаны азат етуге, фашистердің Кенингсберг төңірегіне топтасқан әскерлер тобын жоюға белсене атсалысқан. Николай Алексеевичтің майдандағы ерлік істері жоғары бағаланып, үш рет «Ерлігі үшін» мадалімен наградталған.

Жау оғынан жараланып, туған елге оралған соң да еңбектен қол үзген емес. Ұзақ жылдар Алтай өлкесінде жұмыс істеп, тың игеруге қатысады. Ал, кейінгі кездері біздің институтта  аға инженер болып жемісті еңбек етіп келеді. Облысымыздағы гидрогеологиялық барлау жұмыстарына кеңінен ат салысуда. Мойынқұм ауданындағы Мешіттөбе каналы, Қордай ауданындағы Алтыайғыр және Қарақоңыз өзендері негізіндегі су бөгені, сондай-ақ Шу, Жамбыл аудандарындағы плотиналар, Жамбыл қаласындағы демалыс аймағы сияқты маңызды объектілерде де Николай Алексеевичтің бейнеткеш қолының таңбасы бар.

Біздің коллектив мүшелері Егор Григорьевич Ефименконы да қатты құрметтейді. Ол кісі де өз Отанын қорғауда ұшы-қиырсыз ұзақ жорық жолынан өткен.

– Мен әскер қатарына 1941 жылы август айында шақырылып, Алматы қаласында жаңадан құрылып жатқан байланысшылар батальонына қабылдандым. Одан соң радио мамандарының арнаулы мектебін бітірдім. Алғаш рет ұрысқа 65-ші танк бригадасының құрамында жүріп ендім. 1943 жылдың жазында біздің бригада Орел-Курск иінінде жаудың қораныс шебін бұзып өтіп, Брянск қаласын дұшпаннан азат етті. Сол бір күндердегі қала тұрғындарының қуанышы менің есімнен мәңгі кете қоймас, – дейді бір әңгімесінде Егор Григорьевич.

Ефименко қызмет еткен әскери бөлім бұдан соң неміс басқыншыларынан Донбасты, Польшаны азат етеді, Висла-Одер операциясына қатысады. Сөйтіп, 1945 жылдың көктемінде Ұлы Отан соғысының ақырғы кезеңі – Берлин қаласын алу операциясының бел ортасында болады. Рейхстақа шабуыл жасайды.

Көптеген жауынгер серіктерімен бірге Е.Г. Ефименко да Жоғарғы басқолбасшы, Совет Одағының Маршалы И. В. Сталиннің алғысына әлденеше рет ие болады. Екі Қызыл Жұлдыз және ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен наградталады.

Бұрыңғы жауынгер жасының ұлғайғанына қарамастан бүгінде де еңбектен қол үзген жоқ. Институттың әкімшілік-шаруашылық жұмыстарына белсене қатысып жүр.

-Кісі өз еңбегінің нәтижесін көрген сайын қуанышқа бөленеді екен, – дейді Василий Евсеевич Красников. – Кейінгі 10 жыл беделінде «Казюжгипродхоз» институтының топографиялық тобын басқара жүріп, талай-талай істер тындырыппыз. Бір кезде құлазып жатқан «Далақайнар» совхозының 4 мың гектарға жуық жері геодезиялық – тегістеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, міне, бес жылдан бәрі егіннен де, қызылшадан да мол өнім беріп келеді. Қазір совхоз суармалы жердің әр гектарынан орта есеппен 40-50 центнерден астық, 350-400 центнерден қант қызылшасын жинап жүр. Бұл бір ғана мысал ғой. Айта берсек, біздің топтың жүргізген жұмыстарының ізі Талас, Шу өзендерінің бойларындағы ұланасыр өлкелерде де сайрап жатыр…

Осындай бейбіт тірлік жайлы әңгімесіне қарап Василий Евсеевичтің сонау бір жылдары жауға барынша мейірімсіз, барынша батыл жауынгер болғанына сену де қиын сияқты. Бірақ оның Отан соғысындғы жорық жолы, омырауы толы орден-медальдар ердің ерлік ісін айғақтай түседі. Волхов майданында болған ол неміс фашистерін Великие Луки маңында қоршауға, Ленинград түбінде талқандауға, Витебск, Вильнюс, Каунас сияқты қалаларды азат етуге гитлершіл Германияның басты қамалдарының бірі саналған – Кенингсбергті алуға қатысады.

Бірақ гвардия старшинасы Василий Евсеевичтің майдандық жолы мұнымен бітпейді. Ол еліміздің шығысындағы екінші бір дұшпан – жапон милитаристеріне қарсы соғысқа аттанады. Хинғанның қиын асуларын баса жүріп, Қытайдың көп жерлерін жапон басқыншыларынан азат етеді. Сөйтіп, Порт-Артурда өз қаруынан жеңіс құрметіне салют береді.

-Сонау бір жылдардағы жорық жолдарын еске алсам, белгісіз бір автордың мынадай өлең жолдары есіме түседі, дейді Василий Евсеевич:

-От Берлина до Амура,

А потом до Порт-Артура,

Что лежит у теплых у теплых вод.

Побывали на Хингане,

Что стоит всегда в тумане,

И на Тихом океане,

Свой закончили поход…

– Отанымыздың тәуелсіздігі мен азаттығы жолындағы күреске ер азаматтармен қатар әйелдер де қолдарынан келгенше үлес қосты, – дейді соғыс ардагері, институт шаруашылық базасының диспетчері Антонина Васильевна Фролова бізбен әңгімесінде.

-Мүмкін олардың көбі айта қаларлықтай ерлік жасамағанда шығар. Бірақ, әрқайсысының жүрегінде дұшпанға деген өшпенділік, Отанға деген сүйіспеншілік алаулап тұратын…

Ұланбайтақ Сібірдің бір қиырындағы кішкене қалада туып-өскен Антонина 1942 жылы өзі тіленіп әскер қатарына алынады . Сөйтіп, радистер курсын бітіреді. Байланысшы қызметінің алуан сырына қағынады.

Соғыстың аяқ кезінде Антонина қызмет ететін байланысшылар полкы бірінші Беларус майданының Бас Қолбасшысы Ставкасымен тікелей байланысын қамтамасыз етіп отырады…

Бұл айтылғандар бұрынғы төрт майдангердің басынан кешірген қиын-қыстау оқиғаларының бірқатар эпизодтары ғана. Соның өзінен олардың Отан үшін от кешкендігі айқын сезіліп тұрады. Осының өзі-ақ кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі-өнеге болса керек .

                       Р. Жолсейітов , «Казюэгипроводхоз» институтының аға инженері

ЕҢБЕК ТУЫ  №73   2-бет

                                12.04.1975 ж