• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

Жеңісті жақындатқан жауынгерлер

Ақжолов Шәріпбай 1925 жылы Бірлік ауылында туған. 1943 жылдың қаңтарында әскер қатарына шақырылып,  Петропавл қаласында әскери дайындықтан өтіп, химиялық әскери бөлімде қызмет етті. Соғысқа Польша жерінде кірді. Кейін Польшада 1950 жылға дейін қызмет атқарды. Әскери шені сержант. Елге келген соң аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, одан кейін аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет атқарып, зейнетке шықты.

 

 

 

Жолдасов Әбдікерім Жолдасұлы 1926 жылы Түлкібас ауданы, Мыңбай ауылында туған. Сол жылы Жуалы ауданы Диқан ауылына көшіп келген. Қызыл Армия қатарына шақырылғанға дейін тылда еңбек етті. 1944 жылы желтоқсан айында әскерге алынды.   Белоруссия, Польша, Чехословакия жерлерін азат етуге қатысты. Соғыста артиллерист болды.  Шені сержант. 1949 жылдың желтоқсанына дейін әскери қызметте болып, елге 1950 жылы қайтты. Елге келген соң жеті жыл аудандық тұтынушылар одағында, бес жыл Боралдай көмір шахтасында, жеті жыл темір жолда, 19 жыл өрт сөндіру мекемесінің басшысы болып еңбек етті. Сол жерден зейнетке шықты.

 

Лебединский Николай Моисеевич 1926 жылы 19 желтоқсанда Семей облысында туған. Соғысқа дейін Жуалы ауданындағы совхозда жұмыс істеген. 1943 жылы әскерге алынып, ІІ Беларус майданы 2 полкта байланысшы болып қызмет атқарды. Шығыс Пруссияны азат етуге, Кенигсберг, Нойбранденбург қалаларын алуға қатысты. Жеңісті Анклам  қаласында қарсы алды. Кеңес әскері қатарында 1950 жылға дейін қызмет етіп,  елге оралды. Елге оралған соң жол құрылыс мекемесінде еңбек етті. Екі рет аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Ардагер Б.Момышұлы ауылында тұрады.

 

 

 

 

Тұрмағанбет Мықтыбеков 1922 жылы  Бақалыда туған. 1942 жылдың қаңтар айында әскерге алынды. Майданға Украинаның Луганс қаласының түбінде кірді. Бұдан кейін Сталинградты, Дондағы Ростов, Житомир, Кривой Рог қалалары мен Молдавияның бірқатар жерлерін, Карпат тауларынан асып Румынияның Ботажан, Бакшан, Роман, Венгрияның Мешколс, Деветцен қалаларын азат етуге қатысты. Әскери шені кіші лейтенант. Ол өзі басқарған взводпен жоғарыда аталған елдердегі жау қалдықтарын, жау деверсанттарын жоюға атсалысты.

Соғыстан соң аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып қызмет атқарды. Одан кейін аудандық еңбекшілер депутаты кеңесінің жалпы бөлім меңгерушісі, Бурнооктябрь, Большевик ауылдық атқару комитетінің төрағасы болып ұзақ жылдар қызмет етіп, осы жұмыстан зейнетке шықты.

Зейнеткерлікке шыққан соң Көкбастау ауылдық округінің соғыс және еңбек ардагерлері кеңесін онжыл басқарды.

2001 жылы  Жуалы ауданының Құрметті азаматы атанды. Дүниеден 2011 жылы қайтты.