• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ АМАНТАЙ ДӘУЛЕТБЕКОВ ТУРАЛЫ

Амантай Дәулетбеков (1917 – 1943 жж.) Кеңес Одағының батыры, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, майдан алаңында оғы таусылған бетте қолма-қол ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Оның есімі Курск түбіндегі шайқаста ерлікпен соғысып, қаза тапқан батырлармен бірге Ресейдің Поныров ауданындағы мемориалдық кешенде алтын әріппен жазылған.   1943 жылғы 9 шілдеде 1180-танкерге қарсы жою артиллерия полкінің жауынгерлері Батыс майданының жалғыз жолын кесіп тастап, фашистерге Курскке апаратын жолды бұзып өтуге мүмкіндік бермеді. Өз өмірлерін сарп етіп, ержүрек жауынгерлер үш тәулік ішінде жаудың танк шабуылына тойтарыс берді. «Поныров қалашығына жауды жіберме» деген жауынгерлік бұйрықты абыроймен орындап, Курск маңындағы қарсылас соққысының негізгі бағытына қарсы тұрды.
«Тек бір күн ішінде ғана ержүрек жауынгерлер қарсыластың шабуылдарын қайта-қайта тойтарды және өз қорғаныс позициясын тайсалмай ұстады» дейді қазіргі Ресей Федерациясы Поныр ауданының басшысы В.С.Торубаров. Сол ержүрек жауынгерлердің қасында ерлікпен шайқасқан қазақстандық жауынгер, Кеңес Одағының батыры Амантай Дәулетбековтің Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі – Отан ал¬дындағы өз борышын орындаудың, Отанға шексіз беріліп қызмет етудің, әскери антқа адал болудың үлгісі.

Бабаларынан қанмен тараған рух пен тектілікті бойына жиып өскен Амантай Дәулетбековтің де нағыз лайықты батыр болғаны тарих парақтарында сайрап жатыр. Олай болса батырдың өмір жолы мен соғыстағы ерлікті істеріне тоқталып өтсек. Ел басына төнген нәубет ашаршылықтан, одан қала берді зорлық-зомбылықтың зардабынан аймақ тұр¬ғын¬дарының оңтүстікке үдере көшкені өлке тарихынан белгілі. Сол өткен ғасырдың 20-30 жылдарында калың ел Бетпақтың шөлейті мен құмын басып 400-500 шақырым жерге қоныс аударады. Солардың арасында Амантайдың да отбасы болды. Жаңа жерге келгендер осы жерге тұрақтап, колхоз құрып ұжымдаса еңбек етті. Алайда маңдайға жазған тағдыр Амантайды ата-анадан ерте айырды. Үлкендерге ере отырып Талас ауданы Майтөбе ауылына көшіп барады.
Амантай ағамыз жетінші сыныпты бітірген бойда талаптанып Жамбыл зооветеринарлық техникумына түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, Майтөбе ауылында жұмысшы зоотехник болып жұмыс істейді. Ауылда жүріп қоғамдық істерге араласып, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтеріледі.

1939 жылы балалық шақтан болашаққа қадам басқан, талдырмаш жас Амантай Қызыл әскер қатарына шақырылып, әске¬ри қызметті Қиыр Шығыста бастайды. 2 жыл өтісімен Ұлы Отан соғысы басталып, ағамыздың әскери қызмет атқарып жатқан полкі елімізді қорғау үшін әскери-оқу жаттығу дайындығын шапшаң өткізіп, 1942 жылдың жаз айында Брянск майданына жіберіледі. Осы сәттен бастап Амантай ағамыз фашистермен шайқастарда өзінің қайсар мінезімен көзге түседі. Ол кезде жауынгер ағамыз 13-армияға қарасты танктерді бұзып жоятын 1180-полктің артиллериялық есеп командирі болатын.

Командир А.Дәулетбековтің жауға алғашқы шайқасы 1942 жылдың Орлов облысындағы байырғы орыс қаласы Ливнының оңтүстігінде басталады. Фашистер ол кезде Воронеж және Сталинград бағыттарында шабуылға шыққан еді. Жойқын соғыс нағыз осы жерде болған тұғын. Ливны мен Касторной аудандарындағы шабуылға шыққан фашист әскерінің тегеуріні мықты болды. Осы аймақта жаз бойы кескілескен ұрыс болып, екі жақ та бір қадам ілгері баса алмады. Амантай осы қанқұйлы ұрыста ерлік көр-сетіп, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал 1943 жылдың 25 қаңтарында тағы бір шайқаста көзсіз ерлік жасап, «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне тағады. Бұл батыр мерейін көтерген құрмет еді.

Командованиенің келтірген тағы бір жазбасындағы деректер бойынша аға сержант А.Дәулетбековтің зеңбірегі жаудың 29 танк, 13 өзі жүретін зеңбірегін істен шығарып, 150 жаяу әскер мен 40 автоматшыны жойған екен.

Әскери қолбасшылық 1943 жылдың 9 шілдесінде жаумен арыстанша алысып ерлікпен қаза тапқан батырдың ерлігін лайықты бағалады. КСРО Жоғары Кеңесі Президиумінің 1943 жылдың 24 желтоқсанындағы Жарлығы бойынша Амантай Дәулетбековке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Ерлігі үшін бағаланған үлкен наградамен бірге «Ленин ордені» және «Алтын жұлдыз» қоса беріледі. 1943 жылдың 9 шілдесінде Курск доғасында ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен Амантай Ресейдің Курск облысының Поныри кентінде бауырластар зиратында жерленді. Поныров ауданының басшысы В.С.Торубаровтың Жамбыл облысы әкіміне жолдаған хатында федералдық маңызы бар «Батыр-Саперларға» ескерткішінде батырдың есімі жазылғанын және «Курск доғасының солтүстік бөлігінің Батырларына» қойылған мемориалдық кешенінде батырдың жеке суреті салынған мәрмәр тас қойылғанын, өзі жерленген бауырластар зиратының жанындағы ауылға көше аты берілгенін жазған еді. Бүгінде өмірінің аз жылын өткізген Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы А.Дәулетбеков атындағы орта мектептің алдында бюсті орнатылған. Батырдың есімімен Майтөбе ауылындағы мектептің аты және бір көше аталады. Бұл – батырдың өшпес ерлігіне деген үлкен құрметтің айғағы.