• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

ЖАМБЫЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАР

ЖАМБЫЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАР: 1941 жылдың маусым айында-ақ жасақталған. Алда келе жатқан 9-мамырда Ұлы жеңіске-75 жыл толады. Осынау ел өмірінде өшпестей болып із қалдырған сұрапыл соғыстың сызы әлі де басылар емес. Сұм соғыстың зардабынан миллиондаған адамдар қайғы мен қасірет жұтты. Қаншамасы із-түссіз кетті. Адамдар олардың дерегін әлі де іздеуде. Зілмауыр сол бір кезеңнің кейбір деректері Жамбыл облыстық архивінен де тіл қатады. Соның бірі сол жылдары Жамбыл қаласында жасақталған әскери құрамаларға да қатысты.

Өңірде жасақталып, майданға аттанған әрбір батальон, полк, дивизиялардың өзіндік тарихы бар. Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің 282 қорындағы облыстық партия комитетінің 1943 жылғы құжаттардың арасында әскери бөлімдерге қатысты деректер бар. Мұнда Ұлы Отан соғысы басталған күннен көр ұзамай-ақ мұнда әскери бөлімдер жасақталғандығы тіркелген. Мысалы, тіпті 1941 жылдың маусым айынының өзінде-ақ жасақталған 678 атқыштар батальоны, тамыз айында (кей деректерде қыркүйек) жасақталған 81-атты әскер дивизиясы. Осы жылдың қараша айында 105-ұлттық дербес атты әскер дивизиясы жасақталды. Шілде айында 253-инженер-құрылыс батальоны майданға аттанды. Аталған әскери құрылымдардан бөлек 1941 жылдың қарашасында газсыздандыру жасағы, 1942 жылдың қараша-желтоқсан айларында 5 темір жол ротасы, 1942 жылы ақпан айында 1913,1914, 1919 жұмысшы батальондары, жеке 19-химия батальоны, Чугуев авиа-мектебінің түлектері майдан даласында ерлікпен шайқасты.

Ұлы Отан соғысының Қазақстанға қатысты тарихында Жамбыл облысында екі атты әскер дивизиясының жасақталуы айтарлықтай оқиға еді. Ал оның бірі «дербес ұлттық атты әскер дивизиясы» деп аталды. Бұл сөз жоқ, жылқы малын қағып-бағуда, оның үстінде мығым отыратын қазақ ұлтына, жігіттерге деген сенімнен туған идея болса керек. Яғни, дивизия толықтай қазақ ұлтынан жасақталды. Осы жылдың 21-қарашасында еңбекшілер депутаттары облыстық советінің атқару комитеті мен облыстық партия комитетінің бюросының қаулысы негізінде Жамбыл қаласында 105-дербес ұлттық әскер дивизиясын жасақтау туралы шешім қабылданады. Осы шешім бойынша барлық аудандар ұлттық дивизияға қажетті адам мен өзге де жабдықтарды жедел түрде қамтамасыз ету тапсырылды. Осы маңызды міндетті орындау үшін облыста қауырт тірлік қолға алынған. Дивизияның 1-полкі Свердлов ауданы Буденовка селосының колхоз ғимаратында орналасқан. 2-полк осы ауданның «Қызылша» совхозының аумағында орын тепті. 3-полкі қазақ сыра зауытының аумағындағы кеңсе, қамбар, қойма мен мал базасы берілді.

81 кавалериялық дивизия 1941 жылы тамыз айында құрылып, 1943 жылы Далалық әскери округтің шешімімен таратылған. 1942 жылдың 11 қазан айынан 1943 жылдың мамыр айына дейін тұрақты әрекет етуші әскердің құрамында болды. Бұл әскери құрам 1942-1943 жылдары миллионнан аса қызыл әскердің өмірін жалмаған әйгілі Сталинград шайқасына қатысқан. 81- кавалериялық дивизияның құрамында 216, 227,232-ші полктер және 16- атты әскер болған. Дивизиядағы майдангерлер тапсырманы орындауда қабілеттілік пен жүректілік таныта отырып, ел есінде айбынды әскер ретінде танылған. Қандай қиыншылық болсын мойымай ерлерше соғыса білген.

Негізі: Жамбыл облысы мемлекеттік архиві.