• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

БАБАЛАР ЕРЛІГІ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ!

“Ерлік — елге мұра, ұрпаққа — үлгі”. Әрине, бабаларымыздың жүріп өткен жолы — біз үшін үлгі, шежіре, тағдыр — тарих. “Ел ерімен еңселі,” “Елім” деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта ұмытылмайтыны тағы ақиқат.

Иә, қанқұйлы, сұрапыл соғыстың біткеніне де жетпіс бес толды. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны секілді, сол Жеңісті жақындатқан, өлім мен өмір арпалысқан ұрыста Отан деп соққан жүректері ерлікке пара-пар жолдан өткен майдангерлердің тағдыры, соғыс ізі ұмытылмады.
Осындай жеңіс күнін жақындатуға қатысқан майдангер-сарбаздардың бірі атам – Байтұрсын Маймышев еді.

Бабам  Бекжанов  Маймыш 1930 жылдары ашаршылық  кезінде  жанұясын кәзіргі Талас ауданы Ойық ауылынан  Жамбыл қаласына қоныс аудартыпты. Атам ескіше сауатты, діндәр кісі болған екен.  Ашаршылық кезінде Жамбыл қаласында Бурыл қыратының  етегінде   диханшылық жасап   жанұясын аштықтан сақтап қалыпты. Әжем Көшербайқызы Сәтбике әртүрлі  жұмыстарды жасап еріне көмектескен екен.  Атамның Бәтшай, Байтұрсын, Жексенәлі, Ақшай (соңғы екеуі егіз) деген  балалары болған.

Байтұрсын атам 1915 жылы туған. Ескіше сауат ашқан. Жамбыл қаласына көшіп келгенде 15-16 жасар бала болған екен. Қаладағы мектептердің бірінде оқып, 8 кластық білім алады. Оқи жүріп, Халықтан жүн тері жинайтын мекемеде жүн жинаумен, кейінірек  жүн қабылдаумен айналысыпты. Атам пысық ержүрек, жауырыны жерге тимеген палуан, жекпе жектің қас шебері  болып өсіпті. 1937-1938 жылдары Қазақтан әскер алғанда әскерге шақырылып Қиыр шығыстағы  Владивосток  флотында азаматтық  борышын өтеген.  Фин соғысына қатысып 1941 жылы қаңтар айында  кіші командир дәрежесімен  міндетін аяқтап, Жамбыл қаласына оралады. Осында Жамбыл  қалалық  әскери комиссариатында жұмыс жасайды. 1941 жылы маусым айында  Ұлы отан соғысы басталған мерзімде майданға әскер қатарына сұранған. Алайда   әскери комиссариат  Жамбыл қаласы азаматтарынан әскер қатарына  жауынгерлер дайындау керек  болғандықтан Байтұрсын Маймышевты 1941 жылдың тамыз айына дейін соғысқа жібермеген.

Әскерге кеткен Байтұрсын атамыздан 1941 -1942 жылдары  взвод командирімін, үнемі жау  тылында (разветчик болған) боламын деген хаттар келіп тұрған. Сонымен қатар, егер менен хат хабар келмесе елге көшіп барыңдар деген аманат та айтады.  1942 жылдың соңынан  бастап атамнан хат хабар келу тоқтаған. Іздестіру барысында 1942 жылы маусым айынан із түссіз жоғалғандар  тізімінде  деген ақпарат қана бар. Ал 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай «Ойық» ауылында майдангерлердің құрметіне соғысқа ауылдан аттанған азаматтардың есімдері жазылған мемориалдық тақта ашылды. Осы тақтаға Байтұрсын Маймышев атамыздың есімі де жазылды. Бұл ұрпақтың аталар аманатына деген құрметтің үлкені болса керек. Атам биыл  жеңістің  75 жылдығына 105 жасқа толып отыр. Біз оны әрдайым үлкен құрметпен еске алып, ата ерлігіне тағзым етеміз.
Облыс орталығындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» мемориалдық кешенінде  ҰОС қатысқан майдангерлердің есімдері қашалып жазылған мәрмәр қабырғада атамыз Маймышев Байтұрсынның есімі жазылған.  Бұл ұрпақтары үшін үлкен мақтаныш. Бұл алаңға батырлардың ұрпақтары әр сәт сайын келіп, тағзым етіп, гүл шоғын қойып, еске алып тұрады.

Ал бауыры  Жексеналы Маймышев (1926 жылы туған) соғысқа жасы жетпегендіктен ФЗО (еңбек армиясы) барып, Сібірде ағаш кесіп жеңістің жақындауына үлес қосқан. Кейін елге оралып Ұлбосын Жаханқызы  апамызға үйленіп,  елге көшкен. Бабам Маймыш Жексенәліні   ағайындар арасына апарып, 1956 жылы 81 жасында дүниеден озды. Әжем  Сәтбике әскерге кеткен офицердің  анасы  есебінде өмірінің соңына дейін үкіметтен көмек алып тұрды.
Атам Жексенәлі  Ұлбосын апам  екеуі  Ойық ауылында  тынбай еңбек етті. Ауылдың, яғни сол кездегі «Ойық» қой совхозының әлеуметтік өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Жексенәлі  атам 1973 жылы қараша айында қайтыс болыпты.

Ұлбосын апам өз естеліктерінде  былай дейтін: «Колхозда жұмыс істейтіндер қарттар, әйелдер, балғын балалар еді. Тауқымет бізді тез есейтті. Қиындыққа мойымадық. Сол замандағы ауыл шаруашылығы жұмыстарының қандай ауыр болғанын еске алғанда өзім де таң қаламын». Апам балалар үйінде тәрбиеленген өте сауатты, орыс тілін еркін меңгерген жан болатын. Атамыз Байтұрсынның ерліктерін ержүректігін, соғыста өткен кезеңдерін  апам   Ұлбосынның естелік әңгімелерінен естіп өстік. Апам ұрпақтарын 2000 жылы Тараз қаласы маңына қоныс аудартып,  ұрпақтарына  білім беріп, олардың халыққа қызмет жасағандарын  мақтаныш тұтатын. Ұлбосын апам 2011 жылы   қараша айында  Тараз қаласында  83 жасында өмірден озды. Жеңіс күні- бұл баршамызға ортақ мереке. Отаны үшін қанын төккен майдангерлер мәңгілік есте қалады. Олардың батырлығы, Отанына деген сүйіспеншілігі аса жігерлігі ерлікпен жеңіс туын желбіретті.

Соғыста Отаны үшін кеудесін оққа тосып, жауымен қанымен, жанымен арпалысқан ата, аға, бауырларымызды ешқашан ұмытпай, оларды құрметпен еске аламыз. Біздің парызымыз – бұл күнді еске сақтау. Жауынгер-майдангерлер, ардагерлер ерлігін ешқашан ұмытпау.

“Ер есімі- ел есінде” демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аға буын ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Елімізде тыныштық, амандық болсын. Ешқашан соғыс болмасын!

Немересі  Маймышев  Бекбол  Баянғалиұлы
28.04.2020 ж Тараз қаласы