• Қазақ тілі
  • Русский
Герб жамбылской области ЕРЛІК

ЕРЛІК

мемориалдық кешені

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы ақпараттық-анықтамалық сайты

Кеңес Одағының батыры Естемесов Саттар

1919 жылы Жамбыл облысының Шу ауданында кедей отбасында туды. Ұлты-қазақ. Жеті жылдық мектепті бітіріп, комсомол мүшесі болған Саттар еңбекке белсене араласып кетті. Көп кешікпей ол Жданов атындағы колхоздың комсомол ұйымы басшылығына сайланады. Соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып әскери комисариатқа келіп, майданға жіберуін өтінеді.

Естемесовтың әскери өмірі 1942 жылы 26 маусымында басталады. Командованиенің жауынгерлік тапсырмасын ойдағыдай орындап, батырлық пен ерлік көрсеткені үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымындағы Бұйрығы бойынша сержант Саттар Естемесовке қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ондаған ұрысқа қатынасқан Саттар өз пулеметінен дәлдеп атып, дұшпанның көптеген адам күшін жер жастандырады да өзінің үздік пулеметші екенін көрсетеді. 1942 жылдың ақырына дейін Естемесов екі рет госпиталға түсіп шықты. Ұрыстарда ерлік көрсеткені үшін ол «Ерлігі үшін» медалымен марапатталады, сержант әскери атағын алып, пулеметшілер ротасының бөлімше командирлігіне тағайындалады. Көп кешікпей оның ежелгі арманы орындалады: ауыр ұрыстардың біріне аттанар алдында Естемесов ВКП(б) мүшелігіне кандидаттыққа қабылданады.

1943 жылғы тамызда 134-Вердинск атқыштар дивизиасының бөлімдері дұшпан қорғанысын бұзып өтіп, Смоленск облысының Пречистенск ауданындағы 261,1-шоқы маңында шабуыл ұрыстарын жүргізді. Осы шоқыда көзге түспейтіндей болып бүркенген дұшпанның ауыр пулеметі біздің бөлімшелердің ілгері басуына бөгет жасады. Взвод командирі қатардан шықты. Бөлімше командирі Естемесов команданы өз қолына алып, жаудың пулемет расчетімен жекпе-жек ұрыс салуға бекінді. Дұшпанның жауған оғы астында Саттар пулеметімен гитлершілердің атыс ұясын айналып өтіп, ыңғайлы позицияға орналасты да, дәлдеп атып оны жойды.

1943 жылғы 9 қыркүйекте Пречистенск ауданының Дольшино деревниясы түбінде болған ұрыста қазақ халқының даңқты ұлы ерекше көзге түсті. Дұшпан бұл жерге екі ротаға жуық жаяу әскерін жинақтап, танкілер мен өздігінен жүретін зеңбректерінің күшіне сүйеніп, өршелене қарсы шабуылға шықты. Осы бір қиын кезеңде С.Естемесов кейін шегінген жоқ. Оңтайлы позицияға дереу пулеметімен орналасып алып, шешуші кезеңді күтіп жатты. Жаудың таяу жерге келуін аңдып жатқан ол, оқты боратып қоя берді. Осы ұрыста ол 40-тан астам гилершіні сұлатты. Кеңес пулеметчигінің дәл атқан оғына төтеп бере алмай басқа фашистер шегінді. Естемесовтың ерлігі ұрыста жеңіске жеткізді. Отанның ер жүрек қорғаушысы сержант Естемесов 1943 жылғы 14 қыркүйекте Конопянка деревнясы үшін ұрыста дұшпанның тылына өтіп, жаяу әскерлеріміздің ілгері басуын бөгеген жаудың станокты пулеметін дәлдеп лақтырылған танкіге қарсы қолданылатын гранатпен жойды.

1943 жылы 19 қыркүйекте кезекті қызу ұрыстардың бірінде жауынгер қазақ жігіті өз пулеметімен жиырма шақты гитлершіні жойды, бірақ өзі де осы ұрыста ерлікпен қаза тапты.

Қазақстан халқы Кеңес Одағының Батыры С.Естемесовті мәңгі ұмытпайды. Қазірде Шу ауданының Жданов атындағы колхозындағы мектеп оның есімімен аталады.